
Қазақстан құрамасы Астанада Уэльстен 0:1 есебімен ұтылып, әлем чемпионаты–2026 іріктеуінде үлкен соққы алды.
Қазақстан футбол құрамасы өз алаңында Уэльске 0:1 есебімен жол беріп, әлем чемпионаты–2026 іріктеу кезеңінде кезекті сәтсіздікке ұшырады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жеңіліс тек бапкерлік қателік емес, футбол федерациясындағы басқару жүйесінің әлсіздігін де айқындап берді.
Астана Аренада өткен ойын жанкүйерлер күткен нәтижені сыйлай алмады. Әли Әлиев шәкірттері бар күшін салғанымен, соңғы сәттерде гол өткізіп алып, үш ұпайды қарсыласына беріп қойды. Бұл – Қазақстан құрамасының іріктеудегі жағдайын одан әрі күрделендірді. Бұл туралы Kozachkov offside телеграм арнасы хабарлады.
Көпшілік бұл сәтсіздікті ҚФФ президенті Марат Омаровтың саясатына байланыстырады. Ол жыл басында федерацияны басқаруға келіп, барлық негізгі менеджерлерді алмастырды. Сонымен қатар ұлттық құраманың тізгінін ешқандай ірі трофей жеңбеген бапкерге сеніп тапсырды.
«Құрамамызда талантты футболшылар бар. Сатпаев, Кенжебек, Чесноков, Самородов секілді ойыншылар үлкен әлеуетке ие. Бірақ оларды дамытатын мықты стратег, тәжірибелі тәлімгер қажет. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ондай бапкер жоқ», – дейді сарапшылар.
Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер федерация басшылығын сынға алып жатыр. Кейбіреулер тіпті «жоғары басшылық әрбір жеңіліс үшін жауап беруі тиіс» деген пікір айтуда. Бұл — халықтың сенімі мен шыдамы таусылып бара жатқанын көрсетеді.
Қазақстан футболы соңғы жылдары жаңа есімдер мен жас буынның арқасында өсім көрсетіп келеді. Бірақ дұрыс басқару мен бапкерлік философиясыз бұл прогресс тоқтап қалуы мүмкін.