
Тарихи ойын алдындағы сұхбатта мадридтік бапкер командасының дайындығы туралы айтты.
Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо Алматыда өтетін Чемпиондар лигасының ойыны алдындағы баспасөз мәслихатында командасының дайындық деңгейі мен мақсаттары туралы айтты.
«Ертең Чемпиондар лигасының матчы. Біз үшін қай елде ойнайтынымыз маңызды емес. Маңыздысы – ойынды дұрыс бастау. Біз ұпай жинауды жалғастырғымыз келеді», - деді «Реал» бапкері.
Ол «Атлетикомен» өткен матчтағы жеңіліс туралы да пікір білдірді.
«Футболда жеңіс пен жеңілістен кейін белгілі бір сезім қалады, ол бір тәулікке ғана созылады. Осы уақыт ішінде біз жағдайды талдауымыз керек. Маңызды жайттар бар – ойын ырғағы, тактикалық сәттер. Барлығын тек дайындықтың жетіспеуімен түсіндіре алмаймыз. Ырғақ пен техникалық жағынан қосымша жұмыс істеуіміз қажет. Қазір біз толықтай Чемпиондар лигасы режиміне ауыстық және дайынбыз», — деді Алонсо.
Еске сала кетсек, 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымының екінші тур ойыны өтеді. «Қайрат» - «Реал» матчы Астана уақытымен сағат 21:45-те басталады.