
«Қайрат» Қадағалау кеңесінің басшысы Қайрат Боранбаев «Қайрат» пен «Реал» арасындағы кездесуді түйіндеп, маңызды матч туралы жалпы ойын ортаға салды.
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында алматылық «Қайрат» мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Браим Диас пен Эдуардо Камавинга бір-бір голдан соқты.
«Мен жігіттерге: «өз ойындарыңмен мақтаныңдар» деп бір ғана нәрсені айттым. Қатты шаршағаны байқалып тұрды, бірақ олардың жасағаны мақтаныш сезімін тудырады. Көпшілігі кеше «Реалға» қарсы ойнап қана қоймай, қазақ футболының тарихына енгенін түсінді. Бұл бір реттік оқиға емес, жаңа саяхаттың басы ғана. Клуб әрі қарай өседі және біз осындай кештердің қайталануы үшін бәрін жасаймыз. Қазақстан мен «Қайрат» футбол клубының әлеуеті бар екенін дәлелдедік», - деді Қ. Боранбаев «Спорт-Экспресс» порталына берген сұхбатында.
«Қайрат» 21 қазанда кипрлік «Пафосты» қабылдайды. ЧЛ жалпы кезеңінде тағы грекиялық «Олимпиакос» пен бельгиялық «Брюггені» де Алматының «Орталық» алаңында күтпек.