
Сол сәтте алаңның шетіне көліктер орналасқан еді.
Азия футбол конфедерациясы (АФК) Өзбекстан футбол қауымдастығын матч кезінде жарнама ережелерін бұзғаны үшін 340 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды.
АФК-ның тәртіптік комитеті бұл шешімді Өзбекстан мен Катар құрамалары арасындағы ойыннан кейін қабылдаған. Айыппұлдың басты себебі – ұлттық құраманың футболшыларына берілген BYD маркалы автокөліктер. Бұл сыйлықтар ойыншылардың табысты өнер көрсетіп, Әлем чемпионатына жолдама алу құрметіне берілген еді.
Алайда АФК регламентіне сәйкес, ресми матчтар мен іс-шаралар кезінде турнирдің ресми серіктестері болып табылмайтын брендтердің жарнамасына қатаң тыйым салынады. Осы ереженің бұзылуы ұйымның коммерциялық және жарнамалық талаптарын сақтамау ретінде бағаланды.
Нәтижесінде Өзбекстан футбол қауымдастығына 340 000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеу жөнінде шешім шықты.
Айта кетейік, автокөлік сыйлау рәсімі бұған дейін Өзбекстан қоғамында да үлкен резонанс тудырып, спорт сүйер қауым мен БАҚ өкілдері арасында қызу талқыланған болатын.