"Сөзімде тұрдым": Назым Қызайбай мансабы туралы пікір білдірді
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай спорттағы мақсаты мен өз ұстанымы туралы жазба жариялады.
Олимпиададан кейінгі уәдесін еске салды
Назым Қызайбай Instagram парақшасында Қазақстан бокс федерациясының архивтік карточкасын көрсетті. Онда боксшының Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін айтқан сөзі берілген.
Сол кезде мансабын аяқтауға асықпайтынын айтып, әлем чемпионатының үшінші алтынын жеңіп алуды мақсат еткен:
"Бұл — менің алғашқы Олимпиадам. Жарақатым жоқ, бабымды жоғалтқан жоқпын. Сондықтан бүгін-ертең бокстан кетемін деп айта алмаймын. Қазақстаннан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы болғым келеді. Серік Сәпиев екеумізде екі әлем чемпиондығы бар. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатының үшінші алтынын алу".
"Мен үшін сөз — жауапкершілік"
Архивтік жазбаны жариялаған Қызайбай сол мақсатына жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, берілген уәденің артында күнделікті еңбек пен тәртіп тұр.
"Сөзімде тұрдым. Мен үшін сөз — жай ғана айтылған дүние емес, ол — жауапкершілік. Мұның артында еңбек, тәртіп және бар күшіңді арнау жатыр.
Үлкен спортта бір шындық бар: нәтижең барда — керексің, ал нәтиже болмаса — бәрі өзгереді. Адамдар да, басшылық та, көзқарастар да — бәрі уақытша. Ал еңбегің, төзімің, құрбан еткен дүниелерің мен бағындырған биіктерің — өз тарихың. Сондықтан мен үшін ең бастысы — өз жолыма адал болып қалу", — деп жазды боксшы."
Үшінші әлем чемпиондығы және Тараздағы финал
Назым Қызайбай 2025 жылдың наурызында Сербияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Осы нәтижесінің арқасында Қазақстан боксындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Ал қараша айында Тараздағы Қазақстан чемпионатында Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалына шықты. Шешуші жекпе-жекте ол Элина Базароваға есе жіберді.