Назым Қызайбайдан басым түскен Элина Базарова жеңісінің құпиясын айтты
Бокстан Қазақстанның жаңа чемпионы Элина Базарова Тараздағы ел біріншілігінің финалында ұлттық құрама капитаны Назым Қызайбайды қалай жеңгенін түсіндірді.
Элина Базарова Назым Қызайбаймен өткен жекпе-жек туралы айтты
Таразда Қазақстан чемпионатының финалында күтпеген нәтиже тіркелді. Әйелдер арасындағы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шымкент өкілі Элина Базарова 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жүлдегері Назым Қызайбайды жеңіп, ел чемпионы атанды.
Тартысты кездесудің қорытындысында төрешілердің шешімі екіге бөлінді. Нәтижесінде Базарова 3:2 есебімен басым түсті.
Жекпе-жектен кейін жаңа чемпион журналист Аслан Қаженовке сұхбат беріп, жеңіске жетуіне қандай факторлар әсер еткенін айтты.
— Элина, жеңісіңіз құтты болсын! Жаңа ғана Назым Қызайбаймен өткен жекпе-жегіңізді тамашаладық. Кездесу қалай өтті?
— Мен үшін өте тартысты әрі қиын жекпе-жек болды. Бұл кездесуге психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалу қажет еді. Назым Қызайбай — атағы көп, Қазақстандағы ең танымал боксшылардың бірі. Сондықтан оңай болған жоқ. Әсіресе психологиялық жағынан ауыр тиді.
Назым Қызайбай — ең қиын қарсылас
Элина Базарова ел чемпионатында кездескен қарсыластарының ішінде Назым Қызайбайдың деңгейі ерекше болғанын атап өтті.
— Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатындағы ең қиын қарсыласыңыз болды ма?
— Әрине, Назым Қызайбай мен үшін ең қиын қарсылас болды. Бұған дейін кездескен қыздар сәл жас әрі тәжірибелері де азырақ еді.
Олимпиада жүлдегерін қалай жеңгенін түсіндірді
Жаңа чемпион финалдық кездесуге арнайы тактикалық жоспармен шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат — жекпе-жек қарқынын арттырып, қарсыласты шаршату.
— Рингке қандай тактикамен шықтыңыз?
— Негізгі тапсырма алдыңғы қолмен көбірек жұмыс істеу, қарқынды күшейту және қарсыласты шаршату болды. Сонымен қатар соққыларды денеден басқа ауыстырып отыру керек еді. Жоспарды толық 100 пайыз орындамасам да, 60–70 пайызын жүзеге асырдым деп ойлаймын. Соның арқасында жеңіске жеттім. Құдайға шүкір!
Қазақстан чемпионы алдағы жоспарларын да бөлісті. Ол енді әлем чемпионатына дайындалып, Олимпиада ойындарына жолдама алуды көздеп отыр.
— Алдағы жоспарыңыз қандай?
— Алда әлем чемпионаты бар. Құдай қаласа, соған дайындаламыз. Қазір аздап демалып алып, кейін қайтадан тыңғылықты жаттығуға кірісеміз.
— Әлем чемпионатында сіздің салмақ дәрежесі бойынша олимпиадалық лицензиялар сарапқа салынады ғой?
— Иә, бұйырса, бар күшімізді саламыз. Бұл мен үшін ең маңызды жарыс болады. Міндетті түрде жеңіске жетіп, олимпиадалық жолдама алуым керек. Олимпиадаға қатысқым келеді.
— Демек, басты мақсатыңыз — Олимпиада ойындары ма?
— Иә, ең басты мақсатым — Олимпиада.
Осылайша Элина Базарова Тараздағы Қазақстан чемпионатында сенсациялық жеңіске жетіп қана қоймай, алдағы халықаралық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті екенін білдірді.