Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қайрат Ахметов жеңіліп көрмеген чемпионмен жекпе-жек өткізеді

ONE Championship ұйымының бұрынғы чемпионы, қазақстандық танымал ММА шебері Қайрат Ахметовтың (29-2) келесі қарсыласы белгілі болды.

Қайрат Ахметов жеңіліп көрмеген чемпионмен жекпе-жек өткізеді
instagram/@kairat_akhmetov

Жекпе-жек қашан өтеді?

ACA ұйымының баспасөз қызметі қазақстандық файтердің келесі кездесуін ресми түрде жариялады. Қайрат Ахметов 4 желтоқсанда Қырғызстан астанасы Бішкекте ACA 210 турнирінде октагонға шығады.

Оның қарсыласы — Қазақстанның Octagon лигасының қазіргі чемпионы, қырғызстандық Руслан Касымалы уулу. Екі файтер жеңіл салмақ емес, аса жеңіл салмақ дәрежесінде (bantamweight) күш сынасады.

Жекпе-жек алдындағы көрсеткіштер:

Қайрат Ахметов (Қазақстан) — 29 жеңіс, 2 жеңіліс.

Руслан Касымалы уулу (Қырғызстан) — 11 жеңіс, 0 жеңіліс.

Осылайша тәжірибелі қазақстандық файтер кәсіби мансабында әлі бірде-бір рет жеңіліп көрмеген қарсыласпен кездескелі отыр.

ACA лигасындағы алғашқы жекпе-жегін қалай өтті?

Қазақстандық файтер соңғы рет 2026 жылдың 9 қаңтарында Грозный қаласында ұйымдастырылған ACA 198 турнирінде өнер көрсетті.

Бұл оның ресейлік промоушендегі алғашқы жекпе-жегі болатын. Сол кездесуде Ахметов ресейлік Мансур Хатуевты төрешілердің бөлек шешімімен жеңді. 

Осылайша ONE Championship ұйымында чемпиондық белбеу иеленген қазақстандық файтер ACA лигасындағы жолын сәтті бастады.

Руслан Касымалы уулу туралы не белгілі?

Қайрат Ахметовтың алдағы қарсыласы Руслан Касымалы уулу — Octagon лигасының чемпионы. Қырғызстандық файтер кәсіби мансабында 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Ол соңғы рет 2025 жылдың 29 қазанында Астанада ұйымдастырылған Octagon 80 турнирінде октагонға шықты. Сол кеште Нұрыжігіт Байменмен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Осы нәтижемен ол чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

Бұл туралы не ойлайсыз?