
Ламин Ямал енді жанкүйерлерге қолтаңба бермейтін болды. Бұл – тәкаппарлық емес, оның менеджмент тобы ойластырған жаңа коммерциялық стратегияның бір бөлігі.
Енді Ямальдың қолтаңбасы тек ресми түрде, ақылы негізде, арнайы платформалар арқылы ғана қолжетімді болмақ.
Бар болғаны 18 жасында-ақ Ламин Ямал Каталондық клубтың ең қымбат әрі ең танымал ойыншыларының біріне айналды. Оның атағы артқан сайын, бизнес ұсыныстар да көбейіп келеді. Солардың бірі — қолтаңбасын эксклюзивті етіп, тек ресми коллекциялық тауарлармен бірге сату идеясы.
Клубтағы дереккөздердің хабарлауынша, Ямал енді "Сьютат Эспортива Жоан Гампер” базасында футболкалар мен заттарға қол қоюды тоқтатқан. Бұл шешім агенттері мен маркетинг тобының кеңесімен қабылданған. Қазір олар танымал спорт жұлдыздарының қолтаңбалы өнімдерін сатумен айналысатын халықаралық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Болашақта жанкүйерлер Ямалдың қолтаңбасы бар ресми сертификатталған футболкалар мен бутсыларды тек арнайы онлайн дүкеннен, төлем арқылы сатып ала алады. Осылайша, оның қолтаңбасы сирек әрі бағалы коллекциялық затқа айналмақ.
"Ламин бұрынғыдай жанкүйерлерге жылы жүзбен қарайды, суретке түседі, амандасады, бірақ қолтаңба беруді тоқтатты.” — делінген мәлімдемеде.
"Барселона" басшылығы да бұл шешімге түсіністікпен қарап отыр және клубтық шаралар мен арнайы кездесулер үшін аздаған қолтаңбалар қорын сақтап қалу мәселесін талқылауда.
Мұндай тәжірибе спорт әлемінде бұрыннан бар. Мысалы, АҚШ-тағы Леброн Джеймс пен Стефен Карри өз қолтаңбаларын ресми платформалар арқылы сатады, бұл — жалған қолтаңбалардың алдын алып, өнімнің түпнұсқалығын сақтаудың бір жолы.
Футболдан бөлек, Ламин Ямал бүгінде әлемдік маркетинг символына айналып отыр. Ол Adidas, Beats, Powerade, Oppo, Konami және Nesquik сияқты алпауыт брендтердің бет-бейнесі, әрі ЮНИСЕФ елшісі.
"Барселона” ішінде де Ламинге деген мақтаныш сезімі басым. Клуб өкілдері былай дейді:
"Ламин феномені – ерекше құбылыс. Ол жас болса да, кәсіби тұрғыдан өте пісіп жетілген. Оның табандылығы мен іскерлігі клуб үшін үлкен абырой.” – деп атап өтті.