Алматылықтар Чемпиондар лигасының кезекті ойыны алдында күтпеген жағдайға тап болды. Команданың орталық қорғаушысы Александр Мартынович жарақатына байланысты «Интерге» қарсы матчқа қатыса алмайды.
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин алдағы матч қарсаңында команда жағдайы туралы пікір білдірді:
“Біз «Интерге» қарсы кездесуге толық дайынбыз. Қақпашылар мен барлық ойыншылардың жағдайы жақсы, тек Мартыновичтің жарақаты бар. Соңғы чемпионат ойынынан кейін ол аздап жарақат алған, сондықтан бұл матчты өткізіп алады”, — деді бапкер.
Үш турдан кейін «Қайрат» жалпы кезеңде бір ұпаймен 34-орында тұр. Команда бұған дейін «Пафоспен» тең түсіп (0:0), ал «Реал» (0:5) мен «Спортингтен» (1:4) жеңіліс тапқан болатын.
Ойын 5 қараша күні Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында өтеді. Бұл матч алматылықтар үшін турнирдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін шешуші сәт болуы мүмкін.