Италияның танымал Sky Sport Italia телеарнасы екі қызметкерін жұмыстан босатты. Себеп – олардың эфир кезінде «Интердің» голына қуанып, бейтараптық қағидаларын бұзуы.
2 қараша күні өткен А сериясының 10-турында «Интер» сырт алаңда «Веронаны» 2:1 есебімен жеңді. Шешуші голды 93-минутта «Верона» қорғаушысы Мартин Фрес өз қақпасына соғып алды.
Дәл сол сәтте Sky Sport Italia телеарнасында тікелей эфирде А сериясы туралы бағдарлама көрсетіліп жатқан. Эфир кадрында жүргізуші сөйлеп тұрғанда әйнек артында екі қызметкердің қуанып, қол көтеріп тойлаған сәті анық байқалған.
Бұл эпизод әлеуметтік желілерде тез тарап, көрермендер телеарнаның бейтараптығына күмән келтірді. Кейін белгілі болғандай, қуаныш білдіргендер арнаның екі тәжірибешісі (стажёр) екен.
Sky Sport Italia басшылығы журналистік этиканы бұзғаны үшін екеуін бірден жұмыстан босатты.
Арна директоры Федерико Ферри бұл оқиғадан кейін редакция ұжымымен жиналыс өткізіп, қызметкерлерге жеке көзқарасты эфир кезінде білдірмеу қажеттігін қатаң ескертті.
“Sky Sport – объективті және сенімді ақпарат көзі. Әркім кәсіби шекараны сақтауы тиіс”, – деді ол.
Айта кетейік, дәл осы жеңістен кейін «Интер» Чемпиондар лигасының келесі ойынына дайындық үстінде. Команда 5 қараша күні Миланда «Қайратқа» қарсы алаңға шығады.