Қазан айындағы халықаралық үзіліс кезінде Қазақстан құрамасына шақырылған Дінмұхамед Қашкен өзінің ұлттық командаға «ақша төлеп кірді» деген айыптауларға жауап берді.
Жанкүйерлер мен кей сарапшылар тарапынан айтылған сынға Қашкен сабырмен жауап берді. Ол ақша немесе таныстық арқылы құрамадан орын алған деген әңгімелердің шындыққа жанаспайды. Бұл туралы футболшы ASnews.kz-ке берген сұхбатында айтты .
«Жасырамын деп тұрғаным жоқ, отбасымыздың жағдайы жаман емес. Бірақ мен үшін ұлттық құраманың жейдесін ақшаға сатып алу – масқара нәрсе. Ондайға барсам, футболды тастағаным жақсы. Менің арманым – Қазақстан құрамасында ойнап, Еуропа аренасында өнер көрсету. Сондықтан бұл сөздердің бәрі — бос әңгіме», — деді Қашкен.
Футболшыға қойылған тағы бір сұрақ – «құрамадағы орынды 10–15 миллион теңгеге сатып алды» деген қауесетке қатысты болды.
«Ол ақша жеткіліксіз те болар еді (күліп). Ондай сөздерге мән бермеймін. Егер менде ондай қаражат болса, оны бизнеске салған болар едім. Құрамаға ақша беріп кіру — менің түсінігіме сыймайды», — деп жауап берді қорғаушы.
Кейбір пікірлерде футболшының клубтағы негізгі құрамға да «ақша төлеп шыққаны» айтылған. Бұған Қашкен әзілмен жауап қатты.
«Егер орын сатып алсам, неге скамейкада отырамын? Онда 200 миллион беріп, бірден стартта шығайын ғой!» — деп күлді ойыншы.
25 жастағы қорғаушы өткен маусымды «Ұлытау» сапында бастап, кейін «Жетісуға» ауысқан. Қазан айында бас бапкер Талғат Байсуфинов оны ұлттық құрамаға шақырып, оның статистикалық көрсеткіштері басқа үміткерлерден жоғары болғанын атап өткен еді.
«Қашкеннің физикалық дайындығы жақсы, әрі ол қорғаныста тұрақты ойнайды», — деген болатын Байсуфинов.