Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Еуро-2026 турнирінің іріктеу циклінде тарихи нәтижеге жетті. Кирилл Кекердің шәкірттері топта 4 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.
Жас футболшылар Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп, Кипрмен 1:1 тең түсті. Тек Нидерландыға 1:2 есебімен жол берді. Айта кетерлігі, Нидерландыға қарсы матчта қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмырза пенальтиді қайтарып, команданы ойында ұстап қалды.
Қазақстан қақпашысы матчтардың қиын өткенін атап өтті:
«Алдымен барлық жанкүйерлерімізді құттықтаймын. Кипрге қарсы ойын өте ауыр болды. Біз шабуылда бірнеше мүмкіндік жасадық, көп соққы бағыттадық, бірақ оларды голға айналдыра алмадық. Ал Кипр стандартты жағдайдан есепті теңестірді. Дегенмен ең бастысы — біз мақсатқа жеттік және келесі кезеңге өттік».
Ирландия қақпасына шешуші гол соққан Азамат Тұяқбаев Кипрмен ойынды аяқтауда кемшіліктер болғанын айтты:
«Кипрге қарсы матчта тапсырманы толық орындамадық. Соңғы ойында өте көп мүмкіндік жасадық, есеп 3:0 болуы тиіс еді. Бірақ өз қателігімізден және гол соға алмаудан тең түстік. Нидерланды — Ирландия матчы 4:2 аяқталып, бізге келесі кезеңге өтуге мүмкіндік сыйлады».
Турнирдің финалдық кезеңі 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте өтеді. Қалған 7 жолдаманың иесі 2026 жылдың көктемінде өтетін матчтардан кейін белгілі болады. Жеребе мен ойын күндерін УЕФА кейінірек жариялайды.