Шымкенттік клубтың шабуылшысы Жоао Паулиньо БАҚ беттерінде тараған мәліметке қатысты мәлімдеме жасады.
Жуырда «Ордабасы» шабуылшысы Жоао Паулиньоның агенті Педро Морейраның БАҚ беттерінде даулы сұхбаты шықты. Онда шымкенттік клуб өкілдері атап айтқанда техникалық директор Музаффар Абдулсатаров пен президент Асхат Сейсембектің ойыншыдан ақша өндіргісі келгенін айтып, жанкүйерлерді дүрліктірген еді. Бұл туралы ASnews.kz хабарлаған болатын. Алайда футболшының сөзі мүлдем басқа болып шықты.
БАҚ беттерінде тараған сұхбатта Морейра былай дейді:
«Басында бәрі жақсы еді, бірақ кейін Музаффар мен клуб президенті Асхат Сейсембектің ақша өндіргісі келетіні белгілі болды. Жаңа келісімшартқа бонус қосылған кезде, олар сол ақшаның бір бөлігін клуб басшылығына беру керек деді. Елестетіп көріңізші: қағаз жүзінде бір ғана сан, бірақ іс жүзінде мүлдем басқа жағдай болып отыр. Бұған менің бірнеше ойыншым таң қалды».
Десе де, футболшы Жоао Паулиньоның сөзі мүлдем басқа болып шықты.
“Ешкімге ешқандай сұхбат берген жоқпын. Бір агенттер менің атымды пайдаланып, сұхбат берді. Клубтағы жағдайым алғашқы күннен-ақ жақсы болды. Ешқандай қаржылық әрекет жасалған жоқ. Бұл агенттердің әрекеті”, деді ойыншы.
Паулиньоның сөзіне қарағанда, жалақыға қатысты ешқандай мәселе болмаған. Және президентке не болмаса техникалық директорға ақша бермеген.
2025 жылғы маусымда Жоао Паулиньо Конференция лигасының іріктеу кезеңін, Премьер-лиганы және Қазақстан кубогын қоса алғанда, барлығы 22 матч өткізіп (1072 минут), 3 гол мен 1 нәтижелі пас тіркеген.