Аргентина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына (ӘЧ-2026) қатыса алмау қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұған Аргентина футбол қауымдастығындағы (AFA) ауқымды жемқорлық дауы себеп болып отыр.
Тергеу материалдарының өзегінде AFA-ның бірқатар жетекші тұлғалары тұр. Құзырлы органдар ұйым президенті Клаудио Тапияның, оның жақын серігі Пабло Товигиньоның, қаржы департаменті басшысының орынбасары Лусиано Накистің қызметін тексеріп жатыр.
Сот Пилар қаласындағы 10 гектарлық ірі поместьенің меншік құқығына қатысты сұрақтарды қарастыруда. Нысан аумағында тікұшақ қонатын алаң, жылқы өсіретін ферма, 50-ден астам ретро-автокөлік коллекциясы бар екені айтылады.
Тергеу тарапы активтердің шығу тегі мен оны қаржыландыру көздерін жіті бақылауға алған.
Мәліметке сәйкес, тергеу сот процестеріне ұласса және мемлекеттік органдардың федерация жұмысына араласқаны ресми түрде тіркелсе, ФИФА ең қатаң тетікке баруы мүмкін. Мұндай жағдайда Аргентина футболының халықаралық аренадағы қатысуына, соның ішінде ұлттық құраманың турнирлеріне де қауіп төнеді.
Іс аясында AFA-ның штаб-пәтерінде, сондай-ақ ел ішіндегі 13 футбол клубында тінту жұмыстары жүргізілгені хабарланды.
Тергеу заңсыз қаржылық схемаларға қатысы болуы мүмкін деген күдікке назар аударып отыр. Атап айтқанда, ақшаны заңдастыру ықтималдығы да тексерілуде.
Қазір ақпарат тергеу барысына қатысты жарияланып отыр. Яғни Аргентина құрамасын ӘЧ-2026-дан шеттету туралы ресми шешім қабылданды деуге ерте. Дегенмен дереккөздер ФИФА тарапынан қатаң санкциялар қаупін жоққа шығармайды.