Эквадор футболында ауыр қайғылы жағдай болды. Гуаякильдің «Барселона» клубының қорғаушысы Марио Пинейда қарулы шабуыл салдарынан көз жұмды.
Қайғылы жағдай Гуаякиль қаласының аудандарының бірінде тіркелген. Мәліметке сәйкес, футболшы дүкен маңында отбасы мүшелерімен бірге тұрған сәтте белгісіз адамдар оқ жаудырған.
Алған жарақаттары салдарынан Марио Пинейда оқиға орнында қайтыс болды. Сондай-ақ оның жұбайы да тіл тартпай кетті. Ал футболшының анасы жараланып, ауруханаға жеткізілді.
«Барселона» (Гуаякиль) клубы футболшының қазасын ресми түрде растады және марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
33 жастағы қорғаушының қазасы «Барселона» клубы ғана емес, жалпы Эквадор футбол қауымдастығы үшін де ауыр соққы болды.