Алматының «Қайраты» үш апталық демалыстан кейін ойыншыларын клуб базасына жинап, алғашқы медициналық тексеріс өткізді. Қазақстан чемпионы енді УЕФА Чемпиондар лигасындағы маңызды кездесулер қарсаңында оқу-жаттығу жиынын Абу-Дабиде өткізбек.
Клуб мәліметінше, «Қайрат» 4 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанады. Жиын 15 қаңтарға дейін жалғасады. Негізгі мақсат — қысқы үзілістен кейін физикалық дайындықты оңтайлы деңгейге жеткізіп, еурокубоктағы ресми матчтарға жүйелі түрде әзірлену.
Алматылықтар жиын барысында екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр:
9 қаңтар — Әзербайжанның «Нефтчи» клубына қарсы
14 қаңтар — Хорватияның «Вараждин» командасымен

Бұл ойындар бапкерлер штабына құрамның қазіргі бабын бағалап, тактикалық байланыстарды пысықтауға мүмкіндік береді.
ОЖЖ аяқталғаннан кейін «сары-қаралар» УЕФА Чемпиондар лигасындағы екі ресми матчқа кіріседі:
20 қаңтар — Астанада бельгиялық «Брюгге» клубын қабылдайды
28 қаңтар — Лондонда жалпы кезеңдегі соңғы ойынында «Арсеналмен» кездеседі
Команданы бұл кезеңде бас бапкер Рафаэль Уразбахтин бастаған штаб дайындайды.
«Қайрат» алдағы дайындықты қақпашылардың бірінсіз өткізеді. Александр Заруцкий 2025 жылдың соңғы күнінде «Ақтөбе» клубына ауысты.