"Интер Майами" шабуылшысы Лионель Месси Эквадордың "Индепендьенте дель Валье" клубына қарсы жолдастық кездесуде жанкүйерлердің алаңға жаппай жүгіріп шығуына тап болды. Қауіпсіздік қызметі тез әрекет еткеніне қарамастан, бір көрермен Мессиге жетіп барып, оны жерге құлатқан.
Оқиға Пуэрто-Рикодағы Estadio Juan Ramón Loubriel стадионында өткен матчта тіркелді. Әлеуметтік желіге тараған видеода жанкүйердің жейдесіз күйде алаңға жүгіріп шығып, Мессиге қарай ұмтылғаны көрінеді. Дәл сол сәтте қауіпсіздік қызметкері тоқтатуға тырысқанымен Месси де ілесе құлап қалған.
TalkSPORT дерегінше, бұл жағдай ойынның 89-минуты шамасында болған. Месси зардап шекпеген, орнынан тұрып, ойынды жалғастырған.
Оқиға болған кезде есеп 2:1 болып, “Интер Майами” алда тұрған. Месси бұл матчта екінші таймда алаңға шығып, 70-минутта пенальтиден гол соққан.
Мессидің матчтарында қауіпсіздік тақырыбы жиі талқыланады. Оны әдетте жеке күзетшілер мен клубтың арнайы қызметі жіті бақылайды. Соңғы жылдары ерекше танылған тұлғалардың бірі — Яссин Чуэко. Дегенмен оның әскери қызметі туралы ақпарат әртүрлі БАҚ-та әрқалай беріліп жүр: кей деректерде “Ирак/Ауғанстан ардагері” делінсе, басқа материалдарда мұндай мәліметтерге ресми дәлел табылмағаны айтылады.