Кот-д’Ивуар құрамасында доп тепкен футболшы "Ертіске" қосылды

Сарапшы, спорт журналисі

Клуб ресми түрде Жан-Морель Поэмен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.

Кот-д’Ивуар құрамасында доп тепкен футболшы "Ертіске" қосылды
Фото: instagram.com/j_morelpoe97

Павлодарлық "Ертіс" клубы африкалық жартылай қорғаушы Жан-Морель Поэны өз қатарына қосты.

Transfermarkt порталының дерегі бойынша 29 жастағы ивуарлық футболшының нарықтық құны 200 мың еуро. “Ертістің” жаңа ойыншысы командаға Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қосылып, толыққанды дайындықтан өткен.

“Осында болғаныма өте қуаныштымын. Бірге жеңіске жетеміз”, – деді футболшы. 

Жан-Морель Поэ бұған дейін қайда өнер көрсетті?

Ол футболшы мансабын өз елінде — Кот-д’Ивуарда бастап, “Вильямсвилль” және “АСЕК Мимозас” клубтарында өнер көрсетті. Аталған команданың құрамында ол екі рет ел чемпионы атанды (2016/17, 2017/18 маусымдары), сондай-ақ 2018 жылы Кот-д’Ивуар Кубогының иегері болды. Кейін Беларусьтің “Торпедо-БелАЗ”, “Смолевичи”, “Неман” мен “Динамо Минск” клубтарында өнер көрсетті. Сонымен қатар, мысырлық “Исмаили” клубында және украиналық “Кривбасс” командасында ойнады. Ал “Ертіске” дейін “Ираклис” құрамында доп тепті. 

Еске сала кетсек, павлодарлық клуб өткен маусымда Бірінші лигада екінші орын алып, Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған еді. Жаңа маусымда ҚПЛ-дің 2 турында “Атыраумен” матч өткізіп, қарсыласпен тең тарқасты. Қазір турнирлік кестеде 3 ұпаймен 8-орында келеді. 4 сәуір күні “Ертіс” өз алаңында өскемендік “Алтайды” қабылдайды.