Магомед Адиев Астанада көрініп, Ресейде шу шығарды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиевтің Астанаға келуі Ресей футболында үлкен талқыға түсті.

Магомед Адиев Астанада көрініп, Ресейде шу шығарды
instagram/@fkssamara

"Крылья Советов" Адиевтің Қазақстанға сапарынан кейін ашуға мінді

Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, Магомед Адиев Самара клубының рұқсатынсыз Қазақстанға ұшып келіп, "Ақтөбе" клубының иелерімен келіссөз жүргізген.

"Топи за Крылья" Telegram-арнасының жазуынша, "Крылья Советов" басшылығы бапкердің Қазақстанға барғанынан алдын ала бейхабар болған. Клубтағы жауапты тұлғалар бұл жағдайды кейіннен ғана білген.

Дереккөз таратқан мәліметте клубтың бас директоры Джабраилов, директорлар кеңесінің төрағасы Яковлев және тіпті аймақ басшысы Федорищев те Адиевтің Астанаға сапары туралы білмеген. Ақпарат түрлі арналар арқылы тарай бастағаннан кейін ғана Самара тарапына жағдай толық жеткен. Осыдан соң клуб өкілдері таңданысын жасыра алмай, қатты ашуланған.

Адиевтің "Ақтөбемен" байланысы қызу талқыға түсті

Мәліметке қарағанда Магомед Адиев ресейлік клубпен қолданыстағы келісімшарты бола тұра "Ақтөбемен" байланыс орнатқан. Бұл жайт Ресей футбол кеңістігінде қызу пікірталас тудырып отыр.

Бұған дейін Адиевтің "Ақтөбе" клубының басшылығымен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі шарттарын келісіп қойғаны жөнінде ақпарат тараған еді.