Өзбекстан құрамасы жаңа турнирді камбэкпен бастады

Сарапшы, спорт журналисі

Футболдан Өзбекстан құрамасы FIFA Series 2026 турнирінің дебюттік ойынында жеңіске жетті.

Өзбекстан құрамасы жаңа турнирді камбэкпен бастады
instagram/@uzbekistanfa

Өзбекстан – Габон матчында не болды?

Ташкенттегі “Бунёдкор” стадионында өткен кездесуде Фабио Каннаваро жаттықтыратын Өзбекстан құрамасы Габонды 3:1 есебімен жеңді.

Ойынның есебі күтпеген жерден ерте ашылды. Кездесудің 6-минутында габондық шабуылшы Тедди Аверлант мергендік танытып, қонақтарды алға шығарды.

Алайда алаң иелері тез арада жауап қайтарды. 13-минутта Азиз Ганиевтің айып добынан асырған пасын тиімді пайдаланған команда капитаны Эльдор Шомуродов таразы басын теңестірді.

Екінші таймда өзбекстандықтар басымдықты өз қолына алды. 59-минутта Жахонгир Урозов құрамасын алға шығарды. Ал қосымша уақыттың төртінші минутында Алишер Одилов соңғы нүктені қойып, ойынның қорытынды есебін белгіледі.

Келесі ойын қашан?

Өзбекстан құрамасы FIFA Series турниріндегі келесі матчын 30 наурыз күні Венесуэлаға қарсы өткізеді. Ал дәл сол күні Габон құрамасы Тринидад пен Тобагоға қарсы алаңға шығады.