Англияда Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуын күтіп отыр

Сарапшы, спорт журналисі

Лондондық басылым қазақ шабуылшысының "Стэмфорд Бриджге" ауысуын жазды

Англияда Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуын күтіп отыр
фото ашық дереккөзден алынды

Football.london не жазды?

Ұлыбритания астанасындағы футбол клубтарына арналған Football.london сайты жуырда жазғы трансфер кезеңінде лондондық “Челси” сапын толықтыруы мүмкін жас ойыншылар туралы материал жариялады. Аталған тізімде “Қайраттың” шабуылшысы және Қазақстан құрамасының ойыншысы Дастан Сәтпаев та бар.

Ағылшын басылымының мәліметінше, “Челси” алдағы жазда клубқа қосылуы тиіс бірнеше жас футболшымен алдын ала келісім жасап қойған.

Мақалада лондондық клубқа келуі күтіліп отырған төрт ойыншы аталды:

  • Жеовани Куэнда (“Спортинг”),
  • Дастан Сәтпаев (“Қайрат”),
  • Деннер Эванжелиста (“Коринтианс”),
  • Эмануэль Эмегха (“Страсбур”).

“Челсиде” қай командада ойнайды?

Аталған ойыншылардың келесі маусымда нақты қай құрамда өнер көрсететіні белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен Football.london мәліметіне қарағанда Жеовани Куэнда бірден негізгі команда ойыншысы болуы мүмкін.

Сондай-ақ Эмануэль Эмегха да басты құрамға қосылып, шабуыл шебінде Жоау Педро мен Лиам Делаппен бәсекеге түседі деген болжам айтылған. Ал Дастан Сәтпаевтың қай деңгейде ойнайтыны әзірге ресми нақтыланбаған.

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев Лондон клубына тамыз айында, яғни 18 жасқа толғаннан кейін баруы тиіс.