Дмитрий Огай "Шахтерден" неге кеткенін түсіндірді

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық тәжірибелі маман Дмитрий Огай Қарағандының "Шахтер" ФК бас бапкері қызметінен не себепті кеткенін айтып, өзінің орнына кім келетінін жариялады.

Дмитрий Огай "Шахтерден" неге кеткенін түсіндірді
instagram/@shakhterfc

“Шахтерге” не үшін келді?

Дмитрий Огайдың айтуынша, оған клубты басқару жөнінде ұсыныс түсуі үлкен мәртебе болған. Ол бұл шақыртуды қабылдауды өзі үшін маңызды жауапкершілік деп бағалаған.

“Тимур Турлов пен Рохус Шохтан „Шахтерді“ басқару туралы ұсыныс алу мен үшін үлкен құрмет болды. Клубты қайта жандандыруға бағытталған ауқымды жобаға өз үлесімді қосу мүмкіндігі туғанда, одан бас тарту мүмкін емес еді. Жауапкершілікті толық түсіне отырып, бұл жұмысқа бар күш-жігерімді салдым”, — деді маман.

Огайдың сөзінше, жаттықтырушылар штабы қысқа уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарған. Атап айтқанда:

  • мықты бапкерлер штабы жасақталған;
  • маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындары тиімді өткізілген;
  • алға қойылған турнирлік міндеттерді орындауға қабілетті құрам жасақталған.

Маман әсіресе команда сапында көптеген дарынды жас қазақстандық футболшылардың ойнайтынын ерекше атап өтті.

“Шахтерден” кетуге не себеп?

Дмитрий Огай нақты себептерді толық ашып айтпады. Оқу-жаттығу жиындары аяқталғаннан кейін бірқатар жағдайға байланысты қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Ол бұл шешімнің оңай болмағанын жеткізіп, клуб басшылығынан өзін қызметінен босатуды сұрағанын айтты.

Огайдың орнын кім басады?

Қазақстандық маманның орнына енді “Шахтердің” аңызы Андрей Финонченко келеді.

Огай жаңа бапкердің командаға сенімді жетекшілік етіп, маусым алдындағы міндеттерді орындай алатынына сенім білдірді.

“Менің орнымда жаттықтырушылар штабына „Шахтердің“ аңызы Андрей Финонченко жетекшілік етеді. Оның басшылығымен команда алға қойылған мақсаттарға жетеді деп сенемін”, — деді ол.

Еске салайық, қарағандылықтар қатарынан екінші жыл Бірінші лигада өнер көрсетеді.

Клуб басшылығы команда алдына нақты міндет қойған — Қазақстан Премьер-Лигасына қайта оралу.