Самат Смақов жаңа қызметке тағайындалмақ

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық маман Самат Смақов түркістандық "Тұран" ФК бапкерлер штабына қосылады.

Самат Смақов жаңа қызметке тағайындалмақ
instagram/@samat_smakov

“Тұранда” жұмыс істейді 

Ақпаратқа сәйкес Самат Смақов Түркістанға аттанып, команданың бас бапкері Виктор Кумыковтың көмекшісі қызметіне кіріседі. Осылайша қазақстандық футболдағы танымал маман енді “Тұранның” жаттықтырушылар құрамын күшейтпек.

Түркістандық клуб үшін 2025 жылғы маусым аса ауыр болды. Команда бар болғаны 16 ұпаймен Қазақстан Премьер-Лигасынан шығып қалды.

Маусымдағы сәтсіздікке бірнеше фактор әсер етті. Атап айтқанда, клубтағы басқару жүйесінің тұрақсыздығы, қаржылық қиындықтар және жазғы үзілістен кейін негізгі құрамның ыдырауы “Тұранның” нәтижесіне кері ықпал етті.

Жуковский кезіндегі ұпай қорын сақтай алмады

Түркістандық ұжым жинаған 16 ұпайдың 14-ін Виталий Жуковский бас бапкер болған кезеңде еншілеген. Алайда команда маусымның екінші жартысында сол қарқынды ұстап тұра алмады. Соның салдарынан клуб маусым соңында элиталық дивизионмен қош айтысты.

2026 жылдың басында “Тұран” кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың бақылауына өтті. Ал наурыз айында команданың тізгінін тәжірибелі маман Виктор Кумыков ұстады.

Смақов соңғы маусымда “Жетісуды” жаттықтырды

Еске салсақ, Самат Смақов 2025 жылғы маусымда талдықорғандық “Жетісуды” жаттықтырған. Ол клуб алдына қойылған негізгі міндетті орындап, команданы Қазақстан Премьер-Лигасында алып қалды. Нәтижесінде “Жетісу” чемпионатты 12-орынмен аяқтады.

Маусым біткен соң Смақов клубтан кеткенімен нарықта сұранысқа ие маман ретінде қала берді.

Бұған дейін Самат Смақовтың есімі павлодарлық “Ертіспен” байланыстырылған. Сонымен қатар ресейлік “Черноморец” клубының қазақстандық маманға қызығушылық танытқаны туралы ақпарат тараған.