Армения мен Грузия алғаш рет әлем чемпионатын қабылдайды
Армения мен Грузия футбол тарихында алғаш рет FIFA аясындағы әлемдік деңгейдегі ірі турнирді бірге өткізеді.
FIFA Ванкуверде шешім қабылдады
Канаданың Ванкувер қаласында FIFA Атқарушы комитетінің отырысы өтті. Жиында Армения мен Грузияның U-20 жастар арасындағы әлем чемпионатын өткізуге берген бірлескен өтінімі жеңімпаз деп танылды.
Бұл шешім екі елдің футболы үшін тарихи оқиға саналады. Себебі Армения да, Грузия да бұған дейін FIFA деңгейіндегі мұндай ауқымды футбол турнирін қабылдамаған.
Кавказ футболы үшін жаңа кезең
Алдағы турнир Армения мен Грузияның спорттық инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық имиджін нығайтуға және өңірдегі футболға деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылар мұндай жарыстардың қабылдаушы елдерге бірнеше бағытта пайда әкелетінін айтады. Атап айтқанда, стадиондар жаңарып, туризм жанданады, жас футболшылар үшін жаңа мүмкіндік ашылады.
Айта кетейік, 2025 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты Чилиде өткен. Сол турнирде Марокко құрамасы финалда Аргентинаны 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Ал үшінші орын үшін кездесуде Колумбия жастары Франция құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті.
Келесі жастар әлем чемпионаты қайда өтеді?
Жастар арасындағы келесі әлем чемпионаты 2027 жылы ұйымдастырылады. Бұл турнирді Әзербайжан мен Өзбекстан бірлесіп қабылдайды.