"Астана" Қазақстан кубогынан шығып қалды

Сарапшы, спорт журналисі

"Астана" ФК Қазақстан кубогының 1/8 финалында Қостанайдың "Тобылынан" жеңіліп, турнирдегі жорығын ерте аяқтады.

"Астана" Қазақстан кубогынан шығып қалды
instagram/@fctobol

“Тобыл” ерте гол соғып, ойын тағдырын соңында шешті

Қостанайлық команда есепті кездесудің 7-минутында ашты. Гол авторы – Мохамед Амин Талал.

Бірінші таймның соңында “Тобыл” ойыншысы Данияр Үсенов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша қостанайлықтар екінші таймды бір ойыншыға кем құрамда өткізуге мәжбүр болды.

Дегенмен “Астана” сан басымдығын толық пайдалана алмады. Елордалықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен таразы басын теңестіру тек 80-минутта мүмкін болды. Санжар Әнуаров мергендігімен көзге түсіп, есепті 1:1 қылды.

Пенальти “Астананың” тағдырын шешті

Кездесудің шешуші сәті 87-минутта тіркелді. Айып алаңында Карло Бартолецтің қолына доп тиген соң, төреші “Астана” қақпасына пенальти белгіледі.

11 метрлік айып добын Жасұлан Жұмашев дәл орындап, “Тобылды” қайта алға шығарды. Қорытынды есеп – 1:2.

Осы жеңістен кейін Қостанайдың “Тобылы” Қазақстан кубогының келесі кезеңіне жолдама алды. Енді олар ширек финалда “Қайсар” – “Қайрат” жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Бұған дейін турнирдің ширек финалына “Жеңіс”, “Қызылжар” және “Жетісу” клубтары шыққан еді.