Қазақстан құрамасының көшбасшысы айдың үздік ойыншысы атанды

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстан құрамасының және ресейлік "Ахмат" клубының вингері Максим Самородов жанкүйерлердің дауыс беруі бойынша сәуір айының үздік футболшысы деп танылды.

Қазақстан құрамасының көшбасшысы айдың үздік ойыншысы атанды
kazfootball.kz

Сәуірдегі үздік ойыншы

Грозныйлық “Ахмат” клубы сәуір айының қорытындысы бойынша жанкүйерлер таңдаған үздік футболшыны жариялады. Дауыс беру нәтижесінде ең көп ұпайды Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов жинады.

Клуб мәліметінше, көктемнің екінші айында команда 5 матч өткізген. Әр ойыннан кейін жанкүйерлер үздік футболшыны анықтау үшін дауыс берген.

Сәуір айындағы кездесулерде “Ақтөбе” футбол мектебінің түлегі бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Дауыс беру қорытындысында бірнеше рет үздіктер қатарынан көрінді.

Клубтың хабарлауынша, Самородов жалпы 17 ұпай жинаған. Екі рет матчтың үздік ойыншысы атанса, тағы екі мәрте дауыс беруде екінші орын алған. Бір ойында үшінші нәтиже көрсеткен.

Қазақстандағы ең қымбат футболшылардың бірі

23 жастағы Максим Самородов Қазақстан футболындағы ең жоғары бағаланатын ойыншылардың қатарында. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын 2,5 миллион еуро деп көрсетеді.

Қазақстан құрамасында одан қымбат бағаланатын футболшы ретінде тек “Қайраттың” жас таланты Дастан Сәтпаев аталады. Оның трансферлік құны — 3 миллион еуро.

Максим Самородов — қазір шетел чемпионатында өнер көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасының санаулы ойыншыларының бірі. Ол 2025/26 жылғы маусымда “Ахмат” сапында лигада 26 матч өткізді. Осы кездесулерде 5 гол соғып, 8 нәтижелі пас берді.