Қазақстан құрамасының капитаны "Динамо" сапында алғашқы голын соқты (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Юлия Мясникова мәскеулік "Динамоға" маңызды жеңіс сыйлады.

Қазақстан құрамасының капитаны "Динамо" сапында алғашқы голын соқты (ВИДЕО)
instagram/@fcdynamo_women

Мясникованың голы матч тағдырын шешті

Ресей әйелдер Суперлигасының 5-турында “Динамо” сырт алаңда “Чертановоға” қарсы ойнады. Тартысты өткен кездесу қонақтардың минималды жеңісімен аяқталды.

Ойындағы жалғыз гол 51-минутта соғылды. Қазақстан әйелдер құрамасының қорғаушысы әрі капитаны Юлия Мясникова айып добын өте шебер орындап, допты қарсылас қақпасына дәл бағыттады.

Қақпа маңы аймағының сыртынан жасалған бұл соққы “Чертаново” қақпашысына еш мүмкіндік қалдырмады. Осылайша Мясникова мәскеулік клуб сапындағы дебюттік голын тіркеді.

“Динамо” нешінші орында?

Бұл жеңістен кейін “Динамо” әйелдер командасы 5 турдан соң 6 ұпай жинап, турнир кестесінде 7-орынға көтерілді. Ал “Чертаново” әзірге 3 ұпаймен 11-сатыда тұр.

Еске салайық, Юлия Мясникова ресми түрде мәскеулік “Динамо” ойыншысы атанды. Қазақстан құрамасының капитаны командаға еркін агент ретінде қосылды. Бұған дейін мәскеулік ЦСКА сапында өнер көрсеткен.