"Елімай" чемпионатта алғаш рет жеңілді (ВИДЕО)
Жезқазғандағы Қазақстан Премьер-лигасының 8-турында "Ұлытау" "Елімайды" минималды есеппен жеңді.
Ерте соғылған гол матч тағдырын шешті
Ойындағы есеп небәрі 6-минутта ашылды. Гол авторы — “Ұлытаудың” ресейлік легионер Георгий Бугулов. Бұл сәтте нәтижелі пасты Сағи Мәлікайдар берді.
Ерте жіберілген голдан кейін фаворит саналған “Елімай” ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Семейліктер шабуыл қарқынын күшейтіп, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды.
Бірінші таймда даулы эпизод тіркелді. Бас төреші Сергей Ноженко бастапқыда “Ұлытау” қақпасына пенальти белгіледі. Дегенмен VAR жүйесін қарағаннан кейін арбитр шешімін өзгертіп, он бір метрлік айып добын жоққа шығарды.
Бұл сәт матчтың психологиялық бағытына әсер етті. “Елімай» қысымды арттырғанымен алаң иелері қорғаныста ғана қалып қоймай, қарсы шабуылдар арқылы жауап беріп отырды.
“Ұлытаудың” екінші голы есепке алынбады
Үзілістен кейін де семейлік клуб “Ұлытау” қақпасы маңында қауіп төндіруді жалғастырды. Дегенмен Нүркен Мазбаевтың шәкірттері ойынды толық қорғанысқа құрған жоқ.
66-минутта жезқазғандықтар екінші мәрте гол соққандай болған. Бірақ төреші шабуыл кезінде ереже бұзылды деп есептеп, “Ұлытаудың” голды есепке алмады.
Қалған уақытта “Елімай” таразы басын теңестіруге тырысқанымен “Ұлытау” қорғанысы есепті сақтап қалды.
Осы нәтижеден кейін жезқазғандық клуб 8 ойыннан кейін 14 ұпай жинап, онлайн-кестеде 4-орынға көтерілді. Ал Андрей Карпович баптайтын “Елімай” 13 ұпаймен 5-сатыда қалды.