"Қайрат" 10 ойыншымен жеңісті жұлып алды (ВИДЕО)
Алматылық клуб Қазақстан Премьер-Лигасының кейінге шегерілген 20-тур матчында Қызылордада "Қайсарды" жеңді.
“Қайрат” матчты ерте голмен бастады
Алматылықтар небәрі 2-минутта есеп ашты. Дастан Сәтпаев қарсылас қорғанысындағы қателікті тиімді пайдаланып, командасын алға шығарды.
Осыдан кейін алаң иелері белсенділігін арттырып, Темірлан Анарбеков қорғаған қақпа маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Бірақ “дала қасқырлары” тек екінші таймда таразы басын теңестіре алды.
71-минутта Айбол Әбікен алыстан дәл соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді. Бұл голдан кейін ойын одан сайын тартысты өрбіді.
Көп ұзамай “Қайсар” қақпашысы Нұрымжан Салайдин ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге Дастан Сәтпаев келіп, допты қақпа бағанына тигізді.
Алматылықтар аз құрамда қалды
Пенальтиден кейін көп өтпей, алматылықтар үшін жағдай қиындай түсті. 79-минутта Яако Оксанен алаңнан қуылып, “Қайрат” матчтың соңғы бөлігін бір ойыншы кем өткізді.
Соған қарамастан қонақтар қорғаныста ғана қалып қоймай, жеңіс голын соғуға мүмкіндік тапты. Кездесудің 88-минутында тәжірибелі қорғаушы Александр Мартынович шешуші голдың авторы атанды. Оның дәл соққысы “Қайратқа” сырт алаңда маңызды үш ұпай әкелді.
Бұл жеңістен кейін “Қайраттың” еншісінде 22 ұпай болды. Алматылық клуб турнирлік кестеде көш бастады. Ал “Қайсар” 6 ұпаймен кестенің төменгі бөлігінде қалып отыр.