"Тобыл" бас бапкерінің отставкасына қатысты шарт белгілі болды
Қостанайлық "Тобылдың" бас бапкері Мирослав Ромащенко жақын уақытта қызметінен кетуі мүмкін.
Ромащенко қандай жағдайда кетуі мүмкін?
Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, Мирослав Ромащенконың қызметінен кетуі клубтың жаңа инвестор басқаруына өтуімен тікелей байланысты болуы мүмкін. Оның айтуынша, қостанайлық клубтың болашақ құрылымы мен басқару жүйесінде өзгеріс болса, бас бапкер мәселесі де қайта қаралады.
Бұған дейін қазақстандық БАҚ-та “Тобылдың” ірі агрохолдинг өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған. Егер тараптар ортақ мәмілеге келе алса, клубтың басқару моделі өзгеруі ықтимал. Мұндай жағдайда бапкерлер штабының да тағдыры қайта қаралуы мүмкін.
“Тобылдағы” нәтижесі қандай?
Мирослав Ромащенко “Тобылды” Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы турынан кейін қабылдады. Оның жетекшілігімен команда алты матч өткізді.
Осы кездесулерде қостанайлық клуб 3 рет жеңіске жетіп, 3 матчта жеңілген. Қазақстан кубогынан шығып қалды. Бұл нәтиже жанкүйерлер мен сарапшылар арасында түрлі пікір туғызды. Әсіресе команданың турнир кестесіндегі жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр.
Турнир кестесінде соңғы орында тұр
Қазақстан Премьер-лигасының 10-турынан кейін “Тобылдың” еншісінде небәрі 8 ұпай бар. Қостанайлық команда турнирлік кестесінің 14-орнында келеді.
Бұл — клуб тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. “Тобыл” тәуелсіз Қазақстан чемпионаттары тарихында мұндай төмен позицияға сирек түскен. Клуб бұған дейін дәл осындай төмен орынға тек 1992 жылғы алғашқы тәуелсіз чемпионатта жақын болған. Ол кезде команда “Химик” атауымен өнер көрсетіп, 24 клуб қатысқан маусымды 13-орында аяқтаған.
Содан бері “Тобыл” ұзақ жылдар бойы Қазақстан футболындағы тұрақты клубтардың бірі саналып келді. Команда аралық турларда да әдетте төменгі аймаққа түспейтін. Тіпті сәтсіз деп бағаланған 2014 және 2015 жылдары қостанайлықтар маусымды 7-орында аяқтап, кестенің орта бөлігінде болды.