Украина құрамасын алғаш рет шетелдік маман жаттықтырады
Команданың бас бапкері қызметіне 55 жастағы италиялық маман Андреа Мальдер тағайындалды.
Украина футболындағы тарихи шешім
Украина футбол қауымдастығы 18 мамыр күні ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды. Қызығы, бұл күн Андреа Мальдердің туған күнімен тұспа-тұс келді. Бүгін италиялық маман 55 жасқа толды.
Мальдер — Украина құрамасын басқарған алғашқы шетелдік жаттықтырушы. Осыған дейін “сары-көк” команда тек жергілікті мамандарға сенім артып келген.
Мальдер Украина футболына жақсы таныс
Андреа Мальдер украиналық футбол жанкүйерлері үшін бейтаныс адам емес. Ол 2016-2021 жылдары аралығында Андрей Шевченко жетекшілік еткен Украина құрамасының бапкерлер штабында жұмыс істеген.
Сол кезеңде Мальдер ұлттық команданың тактикалық және дайындық жұмыстарына атсалысып, украиналық футбол жүйесімен жақын танысты.
Италиялық маманмен жасалған келісімшарт екі жылға есептелген. Сонымен қатар тараптар келісімді ұзарту мүмкіндігін де қарастырған.
Мальдер бұған дейін Еуропаның бірнеше танымал клубында ассистент қызметін атқарды. Ол “Милан”, “Брайтон” және “Марсель” клубтарында бас бапкерлер штабына кірген.
Алғашқы сынақтар қашан өтеді?
Андреа Мальдердің Украина құрамасындағы алғашқы матчтары мамырдың соңы мен маусым айының басында өтеді.
Украина құрамасы 31 мамырда сырт алаңда Польшаға қарсы ойнайды. Ал 7 маусымда Дания құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.