Қазақстан футболындағы трансляция проблемаларының себебі ашық айтылды
Бұл туралы "BAS Pro" компаниясының бас продюсері Ақылбек Досжанов Аман Тасығанның YouTube арнасындағы сұхбат барысында айтты.
Продакшн өкілінің айтуынша, телевизиялық контент өндірісіне бөлінетін қаржы азайған. Бұл стадиондағы камера санының қысқаруына тікелей әсер еткен. Ақылбек Досжановтың сөзінше, 2025 жылғы маусымда ҚПЛ-дағы бір матчтың трансляция құны 1,7 миллион теңге болған, ал Бірінші лига ойынын 1,2 миллион теңгеге түсірген. Дегенмен биыл бюджет көлемі айтарлықтай қысқарған.
“2025 жылы біз ҚПЛ-ды 8 камераға, 2026-да жеті камераға түсірдік. Бірінші лиганы 7 камераға түсіріп жүр едік , биыл 4 камераға түстік. Екінші лиганы 5 камераға түсіріп жүргенде оны 4 камера қылды. Судьялармен болып жатқан мәселелерді көрсету үшін 7 камера жетіспейді. Қазір ҚПЛ матчтарын 1,2 миллион теңгеге түсіріп жатырмыз. Біз төмен түсіп кеттік, ақшасынан, бәрінен. Қазір қайтадан минусқа жұмыс істеп отырмыз.”
Қазір продакшнда футзалдың трансляцияларымен де мәселе туындаған.
“Бізде қазір үлкен мәселе боп тұрған ол футзал. Біз футзалдың тендерін тамыз айында ұтып алғанбыз. Жақсы түсіріліп келе жатты, 2 ай жұмысымызды төлеп, 5 ай ақшамызды төлемей қойды.”
Еске салсақ, биылғы маусымда жанкүйерлер Қазақстан Премьер-Лигасы трансляцияларында есеп көрсеткіштерінің жоғалуы, командалар атауы мен матч минуты жазылмауы сияқты техникалық мәселелерді жиі байқаған.