Футбол матчы тұңғыш рет телефонға түсірілмек

Спорт шолушысы

АҚШ-тың Жоғарғы лигасында (MLS) кәсіби футбол матчы толықтай смартфон камераларымен түсіріледі. 

Футбол матчы тұңғыш рет телефонға түсірілмек
"LA Galaxy" ФК

Apple TV стриминг сервисі 24 мамырда MLS аясындағы "Лос Анджелес Гэлакси" мен "Динамо Хьюстон" арасында өтетін ойынды iPhone құрылғылары арқылы тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция үшін алаңның әр нүктесіне iPhone 17 Pro моделінен 15 смартфон орнатылады. Бұл кәсіби спорт тарихындағы толықтай смартфон көмегімен түсірілетін алғашқы ірі тікелей эфир болмақ.

Apple компаниясы мобильді құрылғыларды телепродакшнға енгізуді 2025 жылдың күзінде бастаған еді. Сол кезде “Friday Night Baseball” жобасы аясында “Детройт Тайгерс” пен “Бостон Ред Сокс” арасындағы бейсбол матчында iPhone 17 Pro қосымша камера ретінде сынақтан өткізілген. Смартфондар көрермендерге стадионның ерекше ракурстарын көрсету үшін пайдаланылды. Енді компания құрылғыларды толыққанды эфир түсіруге қолдануға дайын екенін мәлімдеді.

Apple өкілдерінің айтуынша, смартфондардың шағын көлемі операторларға дәстүрлі телекамераларға қолжетімсіз кадрларды түсіруге мүмкіндік береді. Ал көрермендер жоғары сапада командалардың дайындығын, футболшылардың алаңға шығуын, қақпа маңындағы көріністерді және стадион атмосферасын тамашалай алады.