Анарбековтың қателігі алматылықтарды жеңістен айырды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Алматылық "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының 13-турында өз алаңында "Атыраумен" тең түсті.

Анарбековтың қателігі алматылықтарды жеңістен айырды (ВИДЕО)
instagram/@f.c.kairat

"Қайрат" бірінші таймда басым болды

Алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан бастап допқа көбірек иелік етіп, шабуылда белсенді қимылдады. Ал "Атырау" негізінен қорғанысқа мән беріп, жылдам қарсы шабуылдар арқылы қауіп төндіруге тырысты.

Бірінші таймда есепті "Қайрат" ашты. Яакко Оксанен алыстан дәл соққы жасап, допты қақпаның төменгі бұрышына бағыттады.

Анарбековтың қателігі және Абдулланың голы

Екінші таймда "Қайрат" есепті еселеуге бірнеше мүмкіндік алғанымен оларды пайдалана алмады. Кездесудің шешуші сәттерінің бірі Темірлан Анарбековтың қақпа маңында доппен ұзақ кідіріп қалуынан кейін болды. Осы жағдайды "мұнайшылардың" ойыншысы Айбар Абдулла тиімді пайдаланып, таразы басын теңестірді. Осылайша "Қайрат" өз алаңында маңызды екі ұпайдан айырылды.

Осы тең ойыннан кейін "Қайраттың" еншісінде 27 ұпай бар. Алматылықтар көш басындағы "Ордабасыдан" бір ұпайға қалып келеді. Дегенмен шымкенттік команданың қоржынында әлі екі ойын бар.

Ал "Атырау" 15 ұпай жинап, турнирлік кестенің орта тұсында орналасқан.