Шавкат Мирзиёев Өзбекстан құрамасының ӘЧ-дағы алғашқы матчына орай арнайы шешім қабылдады

Жекпе-жек шолушысы

Өзбекстан президенті футболдан ұлттық құраманың 2026 жылғы әлем чемпионатындағы тарихи алғашқы ойынына байланысты елдегі мемлекеттік ұйымдардың жұмыс кестесіне өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдады.

Шавкат Мирзиёев Өзбекстан құрамасының ӘЧ-дағы алғашқы матчына орай арнайы шешім қабылдады
review.uz

Мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты кейінге шегерілді

Өзбекстанда 18 маусым күні барлық мемлекеттік ұйымдар жұмыс күнін жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де бастайды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді.

Аталған шешім Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы дебюттік кездесуіне тікелей байланысты. Ұлттық құрама 2026 жылғы мундиальдағы алғашқы матчында Колумбия құрамасына қарсы ойнайды.

Өзбекстан — Колумбия матчы қашан басталады?

Өзбекстан мен Колумбия арасындағы тарихи кездесу Астана уақытымен 07:00-де басталады. Ташкент уақыты бойынша да ойынның басталу уақыты — 07:00.

Ел билігі жанкүйерлерге көптен күткен матчты алаңсыз тамашалап, ұлттық құраманы қолдауға мүмкіндік беру үшін осындай қадамға барған.

Шерзод Асадовтың айтуынша, Шавкат Мирзиёевтің өзі де Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын үйінде отбасы және немерелерімен бірге көруді жоспарлап отыр.