"Ордабасы" құрамын франциялық жартылай қорғаушы күшейтпек

Футбол шолушысы

Шымкенттік клуб жазғы трансферлік кезеңде құрамын тағы бір легионермен толықтыруға жақын.

"Ордабасы" құрамын франциялық жартылай қорғаушы күшейтпек
instagram/@tidianekeita11

"Ордабасыға" Кейта келеді

Клуб Франциядан шыққан жартылай қорғаушы Тидиан Кейтамен келісім жасамақ. Бұл ақпаратты "Ордабасы" клубы президентінің кеңесшісі Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі Threads парақшасында жариялады.

“Ордабасы” француз футболшысын қатарға қосады. Орталық аймаққа ЧФР Клуж клубынан Тидиан Кейта келеді. Чемпиондық мақсат жолында құрамды күшейтуді жалғастырып жатырмыз. Бұл трансферлік терезедегі соңғы ауысым емес", — деп жазды Әлібеков.

Тидиан Кейта кім?

29 жастағы Тидиан Кейта — Францияның "Тулуза" футбол мектебінің түлегі. Ол 2023 жылдың тамыз айынан бері Румынияның ЧФР Клуж клубында өнер көрсетіп келеді. Бұған дейін "Петролул" сапында ойнаған.

Кейта "Тулузаның" қосалқы құрамынан кеткеннен кейін Францияның бірнеше клубында доп тепті. Олардың қатарында "Дюнкерк", "Орлеан", "Коломье" және "Альби" бар.

Жартылай қорғаушының Еуропа лигасы мен Конференция лигасының іріктеу кезеңдерінде ойнаған тәжірибесі бар. Қазіргі маусымда Тидиан Кейта барлық турнирде 38 матчқа қатысып, бір нәтижелі пас берген.

Transfermarkt порталының мәліметінше, франциялық футболшының нарықтық құны 800 мың еуроға бағаланып отыр.