Давид Лория "Жеңіс" ФК басқарды

Футбол шолушысы

Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, елордалық футболдың түлегі Давид Лория "Жеңіс" футбол клубына бас директор болып оралды.

Давид Лория "Жеңіс" ФК басқарды
instagram/@david_loriya

Туған клубына қайта оралды

“Жеңіс” ФК ресми мәліметінше, Давид Лория команданың бас директоры қызметіне кірісті. Ол бұл лауазымда бұған дейін жұмыс істеген Айдын Қожахметті алмастырды. Клуб өкілдері Лорияның Астана тумасы екенін, “Жеңіс” мектебінен түлеп ұшқанын және елордалық команда сапында үш рет Қазақстан чемпионы атанғанын атап өтті.

Сонымен қатар клуб Давид Лорияның 2021 жылы “Жеңістің” қайта жаңғыруына тікелей үлес қосқанын еске салды.

“Давид Лория — біздің жерлесіміз, клуб тәрбиеленушісі және “Жеңіс” сапында ел чемпионы атанған үш дүркін жеңімпаз. 2021 жылы клубтың қайта түлеу үдерісі дәл оның тікелей қатысуымен басталды”, — делінген клуб хабарламасында.

Айдын Қожахмет клуб құрылымында қалады

Басшылықтағы өзгеріске қарамастан Айдын Қожахмет “Жеңістен” кетпейді. Ол енді клубта атқарушы директор қызметін жалғастырады.

Бұл шешім клуб құрылымындағы сабақтастықты сақтап, басқару жүйесін одан әрі күшейтуге бағытталған қадам ретінде бағалануы мүмкін.

“Жеңіс” ФК Давид Лорияның туған командасына оралуын жылы қабылдап, жаңа қызметінде табыс тіледі.

“Давид Григорьевичтің туған клубына қайта оралғанына шын жүректен қуаныштымыз. Оған жаңа қызметінде үлкен жетістік, жеңістер және алға қойылған мақсаттардың орындалуын тілейміз”, — деп жазды клуб.