Оңтүстік Кореяның бұрынғы бапкері елден кетіп қалды
Оңтүстіккореялықтар 2026 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнен ары аса алмай, үлкен сәтсіздікке ұшыраған еді. Осыған байланысты елде үлкен дау туған болатын.
Оңтүстік Корея құрамасының бұрынғы бас бапкері Хон Мён Бо 2026 жылғы әлем чемпионатынан оралғаннан кейін көп ұзамай елден кетіп қалған.
MBC мәліметінше, 2 шілде күні Хон Мён Бо Инчхон халықаралық әуежайынан Лос-Анджелеске ұшып кеткен.
Журналистермен сөйлескен кезде елге қашан оралатынын білмейтінін айтты.
Сонымен қатар ол ұлттық құрама ішіндегі алауыздық туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Бұған дейін командадағы ішкі келіспеушіліктер Оңтүстік Кореяның әлем чемпионатынан ерте шығуына әсер еткен себептердің бірі ретінде айтылған еді.
"Білмеймін. Қашан қайтатынымды да білмеймін. Менің ештеңеге шағымым жоқ. Бас бапкер ретінде жауапкершілікті өз мойныма алуым керек. Дайындығымызға қарағанда нәтиженің әлдеқайда нашар болғаны өкінішті", — деді Хон Мён Бо.
Еске салайық, Оңтүстік Корея құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатын топтық кезеңде аяқтады. Команданың мұндай нәтижесі ел ішінде үлкен сынға ұшырады.
Турнирден кейін Хон Мён Бо бас бапкер қызметінен отставкаға кетті. Оның кетуі корей футболындағы дағдарысты тоқтата алған жоқ, керісінше, жағдайға қатысты сұрақтарды көбейтті.
Ел президенті тергеу бастамасын көтерді
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён ұлттық құраманың сәтсіздігінен кейін мемлекеттік деңгейде тергеу жүргізу бастамасын көтерді.
Тергеу Оңтүстік Корея футбол федерациясының жұмысына, ұлттық құраманы дайындау жүйесіне және әлем чемпионатындағы нәтиженің себептеріне қатысты болуы мүмкін.