Максим Самородовтың "Спартакқа" ауысуы тығырыққа тірелді
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың Грозныйдың "Ахматынан" Мәскеудің "Спартагына" ауысуы жүзеге аспай қалуы мүмкін.
Самородов 10 миллион еуроға бағаланған
Ресейлік журналист Анар Ибрагимовтың мәліметінше, "Ахмат" 24 жастағы қазақстандық вингерді арзанға жіберуге ниетті емес.
Грозныйлық клуб Максим Самородовтың трансферінен кемінде 10 миллион еуро алуды көздеп отыр. Ал "Спартак" 4 миллион еуро ұсынған.
Журналистің айтуынша, тараптардың ұстанымдары бір-бірінен айтарлықтай алшақ болғандықтан келіссөздер әзірге нәтиже бермеген.
"Максим Самородовтың “Спартакқа” трансфері жүзеге аспай қалуы мүмкін. “Ахмат” футболшы үшін сұрап отырған 10 миллион еуродан төмен түскісі келмейді. Ал мәскеулік клубтың 4 миллион еуролық ұсынысы Станислав Черчесовтың командасын қанағаттандырмай отыр", — деп жазды Ибрагимов.
Өткен маусымдағы статистикасы
Қазақстандық футболшы 2025/2026 жылғы маусымда "Ахмат" сапында барлық турнирде 34 матч өткізді.
Ол осы кездесулерде бес гол соғып, командаластарына 10 нәтижелі пас берді. Осылайша Самородов маусым барысында 15 голдық әрекетке тікелей қатысты.
Максим Самородовтың грозныйлықтармен жасалған ағымдағы келісімшарты 2028 жылға дейін есептелген. Сондықтан "Ахмат" өзінің жетекші ойыншыларының бірін тек жоғары қаржылық ұсыныс түскен жағдайда жіберуге дайын.