Футболда жаңа тәжірибе: уақыт созған қақпашыларға тосын жаза қолданылмақ

Спорт шолушысы

Англия футболында қақпашылардың уақыт созу үшін жарақат алғандай көрінуіне қарсы жаңа ереже сынақтан өтеді. Егер бастама оң нәтиже көрсетсе, бүкіл әлем футболында қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Футболда жаңа тәжірибе: уақыт созған қақпашыларға тосын жаза қолданылмақ
Getty Images

Жаңашылдықты Англия футбол қауымдастығы, Премьер-лига, Ұлттық лига және әйелдер арасындағы Суперлига қолдап отыр. Енді ұсынысқа Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі ресми түрде келісім беруі қажет.

Ережеге сәйкес, егер төреші қақпашыға медициналық көмек көрсету үшін алаңға дәрігер немесе физиотерапевт шақырса, сол команданың бір ойыншысы 1 минутқа уақытша алаңнан кетуге міндетті болады. Бас бапкер бұл ойыншыны 10 секунд ішінде таңдауы тиіс. Егер белгіленген уақыт ішінде шешім қабылданбаса, уақытша алаңнан команда капитаны шығарылады.

Жаңа ереже не үшін қажет?

Соңғы жылдары қақпашылардың жарақат алғандай болып, ойынды тоқтатуы кең таралған тактикалық тәсілдердің біріне айналды. Мұндай сәттерде футболшылар бапкердің жанына жиналып, қосымша нұсқаулық алады немесе қарсыластың қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік жасайды. Жаңа бастама осы әдістің алдын алуға бағытталған.

Қандай жағдайларда ереже қолданылмайды?

Ереже барлық жағдайда бірдей күшіне енбейді. Мынадай жағдайларда команда толық құрамда ойынын жалғастырады:

  • қақпашы медициналық көмектен бас тартып, ойын тоқтатылмаса;
  • қақпашы алаң ойыншысымен соқтығысса;
  • ауыр жарақат, қан кету немесе ми шайқалуы анықталса;
  • қақпашы бірден ауыстырылатын болса.

Жаңа жүйе тексерістен өтсе, алғаш боп Англия Лига кубогының іріктеу кезеңіндегі “Транмир Роверс” – “Рочдейл” матчында сыналады. Эксперимент аяқталғаннан кейін футбол кеңесі оның тиімділігін сараптайды. Егер бастама оң нәтиже көрсетсе, жаңа ереже 2027/28 маусымынан бастап футболдың ресми ойын қағидаларына енгізілуі мүмкін.