ФИФА әлем чемпионатының ең үздік голын анықтады
Бұл мәртебеге Кабо-Верде құрамасының қорғаушысы Сидни Лопес Кабрал ие болды.
ФИФА-ның ресми мәліметінше, Кабралдың Аргентина қақпасына соққан добы жанкүйерлер дауыс беруінің қорытындысы бойынша турнирдің ең әдемі голы деп танылды.
Аталған гол 1/16 финалдық кездесудің қосымша уақытында соғылды. Кабо-Верде футболшысы 103-минутта есепті теңестіріп, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинестің қақпасының жоғарғы бұрышын дәл көздеді. Дегенмен матч соңында Аргентина құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өткен еді.
ФИФА мойындаған голдың тарихы
Үздік голға арналған дауыс беруде Кабрал Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Элдор Шомуродовты және Гаити ойыншысы Вильсон Изидорды артта қалдырды. Олар сәйкесінше екінші және үшінші орындарға жайғасты.
“Қорғаныстағы бос кеңістікті байқап, жоғарғы бұрышқа дәл соғуға тырыстым. Доп қақпаға кірген кезде өзім де сенбедім. Бұл - менің футболдағы ең ерекше сәттерімнің бірі”, – деді Кабо-Верде футболшысы.
Ол матч алдында Лионель Мессимен суретке түсуді армандағанын да айтып өтті. Кейін марапаттау рәсімінде аргентиналық жұлдызбен бір сахнада кездесуге мүмкіндік алған.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтті. Турнирдің чемпионы атанған Испания құрамасы финалда Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді.