Қарабаев бастаған қазақстандық төрешілер еурокубок матчына тағайындалды

Спорт шолушысы

Халықаралық дәрежедегі төреші Саят Қарабаев УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі жауапты кездесуге тағайындалды.

Қарабаев бастаған қазақстандық төрешілер еурокубок матчына тағайындалды
ҚФФ

УЕФА-ның ресми мәліметіне сәйкес, қазақстандық маман Болгарияның “Лудогорец” және Израильдің “Хапоэль” командалары арасындағы қарымта матчта бас төреші қызметін атқарады. Төрешілер бригадасының құрамына сондай-ақ қазақстандық мамандар енді. Алексей Долгих пен Сергей Калачев қосалқы төреші болса, Георгий Чеховский төртінші төреші міндетін атқарады.

Матч қайда өтеді?

Кездесу 30 шілдеде Болгарияның Разград қаласындағы “Лудогорец Арена” стадионында өтеді.

Саят Қарабаев үшін бұл осы маусымдағы еурокубок матчтарына екінші тағайындалуы. Бұған дейін төреші 8 шілдеде Молдованың “Петрокуб” және Албанияның “Эгнатия” клубтары арасындағы матчта қазылық еткен. Аталған кездесуде командалар 1:1 есебімен тең түсті.