"Сіздерді әлі таңғалдырады": Хаби Алонсо Сәтбаевтың болашағына баға берді

Жекпе-жек шолушысы

"Челсидің" бас бапкері Хаби Алонсо қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаевтың алғашқы голына баға берді.

"Сіздерді әлі таңғалдырады": Хаби Алонсо Сәтбаевтың болашағына баға берді
instagram/@chelsea

Шешім шығаруға әлі ерте

"Челси" маусым алдындағы жолдастық кездесуде Австралияның "Вестерн Сидней Уондерерс" клубын 6:4 есебімен жеңді.

Матчтың алтыншы минутында есеп ашқан Дастан Сәтбаев лондондық команда сапындағы алғашқы голын тіркеді. Кездесуден кейін Хаби Алонсо қазақстандық шабуылшының ойыны мен алдағы маусымдағы мүмкіндігі туралы айтты.

Бапкердің сөзінше, маусым алдындағы дайындық аяқталғанша команданың түпкілікті құрамы анықталмайды.

"Осы маусым алдындағы дайындық кезінде көптеген шешім қабылдауымыз керек. Былтыр командада болмаған бірқатар ойыншыны бақылауға мүмкіндік алып отырмыз. Кейін тиісті шешімдер қабылдаймыз. Сондықтан маусымның алғашқы матчына шығатын құрам туралы айтуға әлі ерте", — деді Алонсо матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.

"Ерекше ойыншы" 

"Челси" бапкері Дастан Сәтбаевтың ойын ерекшеліктеріне де жеке тоқталды. Хаби Алонсо қазақстандық футболшымен былтыр Алматыда танысқанын мәлімдеді.

"Дастанды былтырдан бері Алматыдан білемін. Оның ерекше футболшы екені көрініп тұр. Ол қарсылас қақпасы маңында үнемі қауіп төндіреді. Қапталдан ортаға қарай ойысып, орталық шабуылшының жанындағы бос кеңістікті жақсы пайдаланады. Бұл — оның клубтағы алғашқы тәжірибесі. Соған қарамастан өзін жақсы қырынан көрсетті", — деді испаниялық маман.

Журналистер Хаби Алонсодан Сәтбаевтың Англия Премьер-лигасында ойнауға физикалық тұрғыда қаншалықты дайын екенін сұрады.

"Ол өте күшті әрі өте жылдам. Дастанның мүмкіндігі сіздерді шынымен таңғалдырады", — деді Алонсо.

Жолдастық кездесуде Дастан Сәтпаевтан бөлек Дариу Эссугу мен Джейми Гиттенс бір-бір голдан соқты. Ал Жоау Педру хет-трик авторы атанды.