"Қайрат" Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне шықты (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Алматылық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің "Омониясын" жарыс жолынан шығарды.

"Қайрат" Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне шықты (ВИДЕО)
instagram/@f.c.kairat

Эдмилсон "Қайратты" алға шығарды

Никосияда өтке алғашқы кездесуде "Омонияның" 1:0 есебімен басым түскен. Алматыдағы қарымта ойында "Қайрат" жалпы есепті теңестіріп, қарсыласын пенальти сериясында жеңді.

Бірінші таймда алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. Ойва Юкколаның баспен бағыттаған добы қақпа маңдайшасына тиді.

Көп ұзамай "Омония" ойыншысы Андроникос Какулли Лев Кургинге қарсы дөрекі ойнап, алаңнан қуылды. Осылайша қонақтар матчтың алғашқы бөлігінде-ақ он ойыншымен қалды.

Рафаэль Оразбахтин бірінші таймда екі ойыншы алмастырды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Эдмилсон 37-минутта баспен дәл соғып, есеп ашты.

"Қайрат" бірнеше мүмкіндігін пайдалана алмады

Үзілістен кейін алматылық команда қысымды күшейтіп, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Марк Гуаль алыстан соққы жасап, допты қақпа бағанасына тигізді. Бірақ негізгі уақыттың соңына дейін есеп өзгерген жоқ.

Қос матчтың жалпы есебі 1:1 болғандықтан ойын қосымша уақытқа ұласты.

"Омония" тоғыз ойыншымен қалды

Қосымша уақытта кипрлік клубтың қорғаушысы Сену Кулибали де алаңнан қуылды. Нәтижесінде "Омония" кездесуді тоғыз ойыншымен аяқтады.

Сан басымдығына ие болған алматылықтар бірнеше мүмкіндік жасағанымен екінші голды соға алмады. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.

Анарбеков пенальти сериясының қаһарманы атанды

Матч соңындағы пенальти сериясында "Қайрат" ойыншылары алты соққыны дәл орындады.

Қазақстандық клубтың қақпашысы қарсыластың екі соққысын қайтарып, команданың келесі кезеңге шығуына шешуші үлес қосты.

Пенальти сериясы 6:5 есебімен "Қайраттың" пайдасына аяқталды.

Осы жеңістің арқасында Рафаэль Оразбахтинның шәкірттері Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Алматылық клуб бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның "Сутьескасын" екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңген еді.