Дастан Сәтпаев Гонконгте жанкүйерлер құрметіне бөленді (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасының шабуылшысы "Челсидің" Гонконгтегі маусым алдындағы турнесі кезінде жанкүйерлерге ерекше ілтипат танытып, көпшіліктің ықыласына ие болды.
Жанкүйердің өтінішін жерге тастамады
Лондондық "Челси" футболшыларын Гонконгтегі қонақүйдің ішінде көпшілік жанкүйер күтіп алған. Команда орналасқан ғимаратқа бет алған Дастан Сәтпаевты жанкүйерлердің бірі дауыстап шақырып, қолтаңба беруді сұраған.
17 жастағы шабуылшы өтінішті елеусіз қалдырмай, бірден тоқтады. Ол жанкүйердің адамдар арасынан өтіп келуін күтіп, қолтаңбасын берді. Артынша Сәтпаевтың жанына басқа да "Челси" жанкүйерлері жиналған.
Қазақстандық футболшының қарапайым әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының жоғары бағасына ие болды.
"Дастан Сәтпаевтың жанкүйерлерге қолтаңба беруге уақыт тапқаны үлкен құрметке лайық. Қазақстаннан келген бұл жігіттің деңгейі жоғары!" — делінген бейнежазбаға берілген пікірде.
Маусым алдындағы дайындық
Дастан Сәтпаев қазір "Челсидің" негізгі командасымен бірге жаңа маусымға дайындалып жатыр.
Бұған дейін қазақстандық шабуылшы "Вестерн Сидней Уондерерс" клубына қарсы жолдастық кездесуде гол соққан. Сонымен бірге лондондықтардың "Тоттенхэмге" қарсы өткен матчында алаңға қосалқы құрамнан шықты.