"Левски" - "Қайрат" матчының тағдырын 92-минуттағы гол шешті (ВИДЕО)
Алматылық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Болгарияның "Левски" клубына қарсы алғашқы матч өткізді.
"Қайрат" бірінші таймда қысымға төтеп берді
Кездесудің алғашқы бөлігінде алаң иелері допты көбірек бақылап, аумақтық басымдыққа ие болды. Дегенмен "Левски" футболшылары Темірлан Анарбеков қорғаған қақпа маңында аса қауіпті сәттер ұйымдастыра алмады.
Алматылықтар қорғаныста жинақы әрекет етіп, қарсыласының шабуылдарын тоқтатуға тырысты. Нәтижесінде бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Жеңіс голы 92-минутта соғылды
Үзілістен кейін де командалар көп мүмкіндік жасай алмады. Бапкерлер бірнеше ойыншыны алмастырған соң, софиялықтардың шабуылы жандана түсті.
Матч тең есеппен аяқталуға жақын болғанымен болгариялық ұжым қосымша уақыттың екінші минутында Темірлан Анарбековтың қақпасына гол соғып, жеңісті жұлып алды. Нәтижелі соққыны Сержиньо жасады.
Енді қос команда арасындағы қарымта кездесу 11 тамызда Түркістанда өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткені Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алады.