Англиядағы "Сәтпаев эффектісі": "Бернлидің" Instagram-ы рекорд орнатты
Дастан Сәтпаевтың "Бернли" сапына қосылуы ағылшындық клубтың әлеуметтік желідегі танымалдылығына бірден әсер етті.
“Бернлидің” Instagram-дағы аудиториясы күрт өсті
Дастан Сәтпаевтың трансфері жарияланғанға дейін “Бернлидің” Instagram желісіндегі ресми аккаунтына шамамен 850 мың адам тіркелген еді. Қазақстандық футболшының командаға қосылғаны белгілі болғаннан кейін бұл көрсеткіш 933 мыңға дейін өсті. Яғни бір тәулік ішінде клуб парақшасына 83 мыңға жуық жаңа оқырман қосылған.
Бұл көрсеткіш “Бернли” үшін әлеуметтік желідегі аудитория өсімі бойынша жаңа рекорд болды.
Чемпионшипке қалай келді?
Дастан Сәтпаевтың “Челсиге” трансфері 2025 жылдың басында белгілі болған. Келісімнен кейін қазақстандық шабуылшы “Қайратта” жалға алу шартымен өнер көрсетуін жалғастырды.
2026 жылдың жазында Сәтпаев Лондонға аттанып, “Челси” сапына қосылды. Ол команданың бірнеше жолдастық кездесуіне де қатысты. 15 тамызда лондондық клуб футболшымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасалғанын ресми түрде хабарлады.
Одан кейін “Челси” Сәтпаевты бір маусымға “Бернлиге” жалға берді. Келісімде футболшыны сатып алу құқығы қарастырылмаған. Британиялық БАҚ хабарлауынша, жалға алу шартына қазақстандық ойыншыға белгілі бір деңгейде ойын уақытына кепілдік беретін талаптар да енгізілген.
“Бернлиде” қай нөмірмен ойнайды?
Transfermarkt мәліметіне сәйкес Дастан Сәтпаев жаңа клубында 12-нөмірлі жейдені таңдаған. Шабуылшы “Бернли» сапындағы алғашқы ресми кездесуін 16 тамызда өткізуі мүмкін. Чемпионшиптың алғашқы турында оның жаңа командасы өз алаңында “Вест Хэмді” қабылдайды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.