Қазақстандық футболшы "Барселонада" дебют жасады
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының вингері Кәрім Меңдіқанов каталониялық "Барселонаның" U-16 сапында алғашқы матчын өткізді.
"Барселонаның" Cadet A командасында ойнады
15 жастағы қазақстандық футболшы "Барселонаның" Cadet A (U-16) құрамында алаңға шыққан. Жасөспірімдер командасы "Ла Масия" академиясының ішкі ұжымдарының бірімен жабық форматта жаттығу кездесуін өткізген.
Меңдіқанов матчтан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында "Барселона" жейдесінде түскен бірнеше суретін жариялады.
"Дебют", — деп қысқаша жазды қазақстандық футболшы.
"Барселонамен" үш жылдық келісімшарт
Кәрім Меңдіқанов 2026 жылдың шілде айында "Барселонамен" үш жылдық келісімшарт жасасты. Бұған дейін клубтың әйгілі "Ла Масия" академиясында арнайы қаралымнан сәтті өткен.
Орал қаласының тумасы бірнеше жылдан бері Испанияда тұрып, жергілікті футбол жүйесінде тәжірибе жинақтап келеді.
Испанияның жасөспірімдер клубтарында ойнады
Қазақстандық вингер "Барселонаға" ауысқанға дейін Каталонияның "Серданьола" және "Сан-Кугат" жасөспірімдер командаларында өнер көрсетті.
Дәл осы клубтардағы ойыны кезінде Меңдіқанов каталониялық алпауыттың скауттарының назарына іліккен. Кейін футболшыға "Ла Масияда" өзін көрсету мүмкіндігі беріліп, ақыры "Барселона" онымен ұзақмерзімді келісімшарт жасады.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.