"Ол — досы, танысы": Джон ван’т Шкиптің тағайындалуы сынға ұшырады
Подкаст қатысушылары бапкерді ҚФФ бас хатшысы Скотт Манның ұсынғанын, маманның бэкграундына күмән келтірді.
"Бұл жерде таныстық бар"
Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең түскен матчтан кейін бас бапкер Джон ван’т Шкиптің тағайындалуы талқыға түсті. Маманның қандай критериймен таңдалғаны түсініксіз екені "Fonteam" YouTube арнасындағы подкастта айтылды.
Студияда жиналғандардың бірі нидерландтық бапкердің құрамаға келуінің себебін түсінбейтінін жасырмады.
"Мен түсінбеймін: қандай критерий бойынша ол Қазақстан ұлттық құрамасын басқаруға келді? Білмеймін, түсінбеймін", – деді подкаст қатысушысы.
Оның айтуынша, бұл сұрақты ол ҚФФ бас хатшысы Скотт Маннның өзінен сұраған. Ол жауабында бапкерді көп жылдан бері танитынын, оның еңбек еткен клубтарының әрқайсысында өз қолтаңбасы болғанын және "фундаменті мықты" екенін айтқан.
"Бірақ бұл жерде таныстық бар. Ол — досы, танысы", – деді сарапшы.
Подкаст қатысушысының сөзінше, Скотт Манн мен Джон ван’т Шкип бұған дейін Мельбурнде бірге жұмыс істеген.
"Бэкграунды кішкене әлсіз"
Комментатор Әлімжан Асқар да жаңа бапкердің осыған дейінгі жұмысына күмән барын білдірді. Оның айтуынша, нақты жетістігі бар маман келсе, оған уақыт беруге де дайын.
"Люксембургты осындай деңгейге көтерген бапкер болса, мен түсінемін. Фарерді осындай деңгейге көтерген бапкерді әкелсе, мен түсінемін. Оның бэкграунды кішкене әлсіз болып тұр", – деді Әлімжан Асқар.
Эфирде нидерландық маманның "Аякста", Грекия мен Арменияда жұмыс істегені еске салынды. Арменияда нәтиже шықпауын ван’т Шкиптің өзі келісімнің кеш жасалуымен және негізгі ойыншылардың жарақат алуымен түсіндірген.
Қазақстан құрамасы Джон ван’т Шкип басшылығындағы алғашқы ойынында Фарер аралдарымен тең түсті. Келесі кездесуде ұлттық құрама сырта алаңда Словакиямен ойнайды.