"Ақтөбе" бес гол соғылған матчта "Тобылды" тізе бүктірді
Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымындағы соңғы 30-турда Қостанайдың "Тобылы" өз алаңында "Ақтөбені" қабылдады.
Матч қалай өтті?
Ойынның алғашқы бөлігінде екі команда да есеп ашуға тырысты. Дегенмен бірінші болып қонақтар нәтижеге қол жеткізді. Үзіліске санаулы минуттар қалғанда Артур Шушеначев қарсылас қақпашысының қателігін тиімді пайдаланып, командасын алға шығарды.
Екінші таймда алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алуға ұмтылды. Урош Милованович алыстан жойқын соққы жасап, таразы басын теңестірді.
Көп ұзамай Жасұлан Жұмашев мергендігімен көзге түсіп, "Тобылды" алға шығарды. Осылайша қостанайлықтар кездесудің барысын өзгерте алды.
Дегенмен "Ақтөбе" жеңіліспен келіскен жоқ. Бұрыштамадан берілген допты әріптесі ыңғайлап тастағаннан кейін Иван Ордец дәл соққы жасап, есепті 2:2-ге жеткізді. Матч соңында Темірлан Ерланов шешуші голды соғып, ақтөбеліктерге маңызды жеңіс сыйлады.
"Ақтөбе" мен "Тобыл" маусымды нешінші орында аяқтады?
Осы жеңістен кейін "Ақтөбе" қоржынындағы ұпай санын 49-ға жеткізіп, Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымын бесінші орынмен аяқтады.
Ал 41 ұпай жинаған Қостанайдың "Тобылы" турнирлік кестеде жетінші сатыға тұрақтады.